Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы 11 айды қорытындылады. Жыл басынан бері мұндағы мамандар 400-ден астам бұзушылық тіркепті. Оның 25 пайызы ауыл шаруашылығы саласында анықталған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
2022-ші жылдың 11 айында 338 тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 432 бұзушылық анықталып, 122 лауазымды және заңды тұлға жалпы сомасы 19,8 млн теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі таңда 15,5 млн теңге өндіріліп алынды. Төленбеген жалақы мәселесі әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен жоқ. Бірақ, қазір өңірде жағдай әжептәуір тұрақталған. Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Мирас Сабағановтың айтуынша, 2022-ші жылдың 11 айында облысымызда 32 жазатайым оқиға орын алған. 38 адам зардап шегіп, 6 адам қаза тапты.
-“Петропавл жолдары” серіктестігінің 2 жұмысшысы Есіл ауданында мерт болды. Көпірді мұздан тазалап жүргенде оларды ауыр жүк көлігі соққан. Бұл жерде тағы 3 адам жарақат алды. Жұмыс беруші 100 пайыз кінәлі деп танылды,- дейді СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Мирас Сабағанов.
Ал Аққайың ауданында 96-шы жылғы жігіт саусақтарынан айрылып қалды. Ол шабындық кезінде техниканы сөндірмей, шөп престегішке қолын кіргізген. Осы кезде қолғап шынжырға ілігіп, қол шыр көбелек айналған. Қазір еңбек инспекторлары мекемелерде ұжыммен кездесулер өткізіп, тиісті ережелерді түсіндіріп жатыр. Жақында мамандар “СЕВКАЗЭНЕРГО”-да болыпты. Бұл ұйым бекерден-бекер таңдалмаған. Соңғы 3 жылда акционерлік қоғамда 8 жазатайым оқиға тіркелген.