СҚО-да көлдер зерттеліп, нәтижесінде балық шаруашылығын жүргізуге жарамды су айдындарының тізбесі кеңейтілді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық қоғамдық кеңестің отырысында табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бейбіт Исманов балық шаруашылығына қолайлы көлдердің тізбесін бекіту туралы қаулының жобасын ұсынды.
— Көлдерді тексеру үшін биыл жергілікті бюджеттен 23 млн. теңге бөлінді. Алынған ғылыми ұсынымдар негізінде тізбеге қосымша 43 су айдыны енгізіледі. Сонымен қатар, 53 көлдегі шаруашылық жүргізу бағыты өзгерді, — деді Бейбіт Исманов.
Ол қаулының қабылдануы балық шаруашылығы тізіміне енгізілген көлдердің санын көбейтуге мүмкіндік беретінін айтты. Бұл облыстың балық шаруашылығын дамытуға жағдай жасайды. Аймақта 500-ден астам су айдыны балық өсіруге жарамды. Өткен жылы олардың 200-ге жуығы пайдаланылмағаны белгілі болды.
Бұған дейін Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында балық шаруашылығын еліміздің тамақ өнеркәсібінің қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі деп атады. Мемлекеттік қолдау шараларының ішінде Әлихан Смайылов балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын, балық өсіруге арналған тоғандарды жобалау рәсімін жеңілдетуді, кәсіби балық аулау үшін қосылған құн салығын 70% — ға төмендету керектігін айтты.