М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде алғаш рет «Махамбет жырлары – асқақ рухтың үні» атты көркемсөз оқу шеберлері арасында байқау ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Көзі тірісінде елінің еркіндігін көксеген бірегей тұлға, өр рухты ақын, дауылпаз күйшінің өнегелі өмірі мен шығармашылығын насихаттауды көздеген шараға қатысушыларға Махамбет Өтемісұлының өлеңдерінің табиғатын сезініп, мәнерлеп, жатқа оқу талабы қойылды.
Көркемсөз оқу сайысында бірқатар факультеттер арасынан 12 студент бақ сынады. Талантты жастардың барлығы іс-шараға ерекше дайындықпен келген. Бұрымды қыздарымыздың қазақы нақыштағы киген киімдері, әшекей бұйымдары әдеби кештің ажарын одан сайын аша түскендей болды. Қатысушылардың сахна мәдениетін сақтауы, өлең табиғатын сезіну деңгейі, дауыс ырғағы мен интонацияларына сәйкес оқыған өлеңдері арқылы қазылар алқасы үздіктерді анықтады. Атап айтқанда, жүлделі үшінші орынды математика-информатика кафедрасының 2 курс студенті Жансұлу Қайырбек, қазақ тіл мен әдебиеті кафедрасының 2,3 курс студенттері алтынай Ережепова мен Аружан Тоқанова алса, екінші орынды география және экология кафедрасының 1 курс студенті Алпамыс Бекзатов, қазақ тіл мен әдебиеті кафедрасының 2 курс студенті Аяужан Асан иеленді. Ал қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының 3 курс студенті Зухра Серғали жеңімпаз деп танылды.