Уәлиханов ауданының әкімі Қайрат Пішенбаев өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында журналистерге өзі басшылық ететін ауданның биыл жеткен жетістіктері мен алда атқарылар жұмыстар жайды баяндады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ауданда 2021 жылдың қаңтар-қазан айлары кезеңімен салыстырғанда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 3 пайызға артып, 39 млрд.теңгені құрады. Салаға тартылған инвестиция көлемі 11 %-ке өсті (2021 жылы – 4747,8 млн. тенге), барлығы 5,6 млрд. теңге инвестиция құйылды,1,7 млрд.теңгеге 69 дана жаңа ауыл шаруашылық техникасы сатып алынды.
– Биылғы жылы жаз айлары құрғақ болғанымен, аудан диқаншыларының жинап алған өнімі жаман емес. Қамбамызға 144 мың тонна астық құйылды. Астық өнімділігінің көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда төменірек. Былтыр гектарына 11 ц жинасақ, биылғы жылы гектардан 10 ц алынды. Әрине, бұл тек ауа райының қолайсыздығынан ғана емес, тиісті агротехникалық іс-шараларға да байланысты. Сондықтан келер жылы мол өнім жинау үшін қажетті жұмыстар жүргізілетін болады,- деді Қайрат Пішенбаев.
Әкімнің айтуынша, мал шаруашылығы өнімдерінің барлық түрлерінің өсуіне қол жеткізілді. Тірі салмақта 4 мың тонна ет өндірілді, бұл тиісті кезеңіне қарағанда 102 пайызды құрады.
– Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы кооперативтері, фермерлік шаруашылықтар 3000 бас асыл тұқымды ірі қара мал сатып алды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға артық болып отыр. Ауданымызда бірнеше маңызды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Биылғы жылы 2 округте құны 12 млрд. теңге болатын 3 жаңа тауарлы-сүт фермасының құрылысы басталды. Оның ішінде, Кішкенекөл ауылындағы «Жолдасбай-Агро» фермерлік шаруашылығының — 1224 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы да бар. Жобаның жалпы құны 5,2 млрд.теңге, қуаттылығы жылына 6 мың тонна сүт өндірілетін болады,- деді әкім.
Баспасөз конференциясы барысында аудан әкімі денсаулық сақтау, білім беру, спорт салаларындағы өзгерістерге де тоқталып, алда атқарылатын шаруалар жайлы да баяндады.