Республикалық маңыздағы «Жезқазған-Петропавл» және «Петропавл қаласының айналма жолы» автомобиль жолында бірден проекциялық екі жаяу жүргіншілер өткелі іске қосылды, деп хабарлайды qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жол-көлік инфрақұрылымының жаңа объектілері қозғалыс көп учаскелерде – Бескөл ауылы мен Пестрое көлі маңында орнатылды. Бұл учаскелерде жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер көп жүреді.
Жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысы аумағында 319 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 46 адам көз жұмып, 441-і жараланды.
Көлік апаттарының алдын алу және жол жүрісі қағидаларының өрескел бұзушылықтарының алдын алу үшін полиция қызметкерлері тек рейдтермен, тексерулермен ғана шектелмейді. Осылайша жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында проекциялық өткелдер орнату туралы шешім қабылданды. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, жарық шашқан сары-ақ жолақтар түнде ғана емес, күндіз де көрінеді. Бұл жаяу жүргіншілерді қағып кетумен байланысты жол-көлік апаттарының қаупін азайтпақ. Бұрын осы сияқты жаяу жүргіншілер өткелдері Петропавлдағы Қизатов көшесінде және Саумалкөл ауылында орнатылды.
-Бұдан бөлек, қозғалысы реттелмейтін екі жаяу жүргіншілер өткелі реттелетін режимге көшірілді. Олар «GREEN PARK» демалыс орны мен ипподром маңында орналасты. Бұл жерлерге адамдарға өтуге болатын режимге көшіретін арнайы батырмасы бар бағдаршам объектілері қойылды, — деді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.
Биылғы 11 айда облыс жолдарында жаяу жүргіншілерді қағып кетуге байланысты 88 жол-көлік оқиғасы орын алып, салдарынан 7 адам қаза тапты, 94 адам жараланды. Полицейлер жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерден жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауды және балаларға көшелер мен жолдардан өту ережелерін үйретуді сұрайды.
Фото: ашық дереккөздерден.