Петропавл тұрғыны алты жыл бойы баласына алимент төлемеген. Солтүстік Қазақстан полицейлері оны Алматыдан тапты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары борышкердің орналасқан жері туралы ақпаратты іздестіру бастамашысы-жеке сот орындаушысына берген.
— Өңірде борышкерлерді іздеу бойынша акция өткізілді. Көші-қон полициясы қызметкерлерінің ерекше назарында алимент төлегісі келмейтін немқұрайды әкелер, әкімшілік айыппұлдарды қасақана төлемейтіндер және туыстық байланысын жоғалтқан адамдар болды. Төрт күн ішінде іздеуде жүрген 17 адам анықталды. Олардың ішінде алимент төлемейтіндердің көпшілігі — 9 адам, — деді көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов.
Жыл басынан бері облыс бойынша барлығы 204 іздестіру ісі тоқтатылды. Оның ішінде 22 — туыстық байланысын жоғалтқандар, 78-борышкерлер және 104 –і өз балаларын асырағысы келмеген адамдар бойынша.
Фото: ашық дереккөздерден.