Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев құрылыс саласында атқарылған жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды qyzyljarnews.kz тілшісі.
Соңғы бес жылда бюджеттік тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үш есе өскен. Яғни, 2017 жылы 9 млрд. теңге бөлінсе, үстіміздегі жыл 28 млрд.теңге бағытталған. Құрылыс жұмыстарының көлемі де ұлғайып отыр. 1,3 млн. шаршы метр үй салынып, 40 мың тұрғынжаңа баспанаға ие болды.
Өңірде құрылыс бір сәтке де бәсеңсіген емес, ескі үйлердің орнына зәулім ғимараттар салынып жатыр, нақтырақ 27 көпқабатты үй бой көтерді. 2800 пәтерлік тағы 27 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды.
– Облыс орталығында құрылыс жұмыстарына жергілікті компаниялардан бөлек Астана, Алматы, Қарағанды, Көкшетаудан да инвесторлар тартылды. Олар қазірдің өзінде облысқа 50 млрд. теңгеге жуық қаржы құйды. Бүгінде 34 коммерциялық көпқабатты үй салынуда. Жаңа инвесторларды тарту мақсатында тамыз айында инвестициялық форум өтіп, оған 70-тен астам құрылыс компаниясының өкілдері қатысты, – деді Сәтжан Аблалиев.
Облыс әкімінің орынбасары аудандарда 8 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және 7 жабық хоккей корты салынғанын айтты. Қосымша тағы 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 3 корттың құрылысы жүргізілуде. «Қарасай» стадионын жаңартылып жатыр, оны «UEFA» стандарттарын сәйкестендіру жоспарлануда.
Облысымыздағы жолдардың сапасына тұрғындар тарапынан айтылар сын көп. Сәтжан Аблалиев жыл сайын 600 километрден астам жергілікті жол жөнделетінін жеткізді. Жалпы облыстық автожолдар желісі 9 мың километрге тең. Үстіміздегі жылы Волошинка – Тимирязево, Көкшетау – Келлеровка, Саумалкөл – Каменый брод ауылдары арасындағы учаскелерге жөндеу жұмыстары аяқталды.
Сондай-ақ келесі жылы Петропавл 2-ЖЭО-нда жаңа мұржама мен 3 қазандықтың құрылысы басталады.
Фото: ашық дереккөздерден.