Облыс әкімі Айдарбек Сапаров Петропавлдағы «Жас өркен» шағынауданына барып, ондағы салынып жатқан нысандардың құрылысымен танысты. Өңір басшысы ат басын бұрған алғашқы әлеуметтік нысандардың бірі — емхана, деп хабарлайды qyzyljarnews.kz тілшісі.
Емдеу мекемесі келер жылдың қыркүйегінде пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бір мезетте 250 адамды қабылдай алатын емхананы шағынаудан тұрғындары көптен күтіп жүр. Өкінішке қарай биылғы жылдың соңында қолданысқа тапсырылуы тиіс ғимараттың құрылысы айтарлықтай кешеуілдеп жатыр. Бүгінде мұндағы жұмыстардың тек 60 пайызы аяқталған. Мердігерлер болса құрылыс жоспары әуел бастағыдан өзгеріп, толықтырулар енгізілгенін алға тартады.
-Халық емхананың қашан ашылатынын күтіп жүр. Сондықтан да бұл жұмысты кешіктірмеу керек. Қаржы, құрылыс материалдары мен мамандар жеткілікті. Жұмысты қарқынды жүргізуде ешқандай кедергі көріп тұрған жоқпын. Туындаған мәселені қала басшылығымен бірлесіп шешіңіздер, барлығы жоспарға сай аяқталууы тиіс, — деген өңір басшысы мұндағы құрылыс барысын қала әкімі Руслан Аңбаевқа бақылауға алуды тапсырды.
Кейін Айдарбек Сейпілұлы осындағы 17 қабатты үйге барды. Мұндағы жұмыстардың дені атқарылыпты. Жаңа үйге тұрғындар 2023-ші жылдың сәуірінде қоныстанбақ. Зәулім баспананы аралап көрген облыс әкімі халықтың тұрғын үйге мұқтаж екенін, оларды баспанамен қамту ең өзекті мәселелердің бірі екенін жеткізді. Құрылыс алаңын көрген Айдарбек Сапаров құрылыс алаңдарындағы тазалық мәселесіне де назар аударды. Кей мердігерлер нысанды аяқтай сала айналасын абаттандырмай, жинамай тастап кетеді. Облыс әкімі мұндай үлкен құрылыстар қала көркін бұзбауы қажеттігін айтты.
Фото: ашық дереккөздерден.