Петропавлда 19 жастағы қыз өртеніп жатқан үйден 32 жастағы жігітті аман алып шықты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Оқиға 1 қаңтар күні болған. Сағат 19:38-де Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру қызметіне қаладағы жұмысшы кентіндегі Клара Цеткин көшесі, 90 А мекенжайындағы ағаштан салынған жеке тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен. Облыс орталығының өрт сөндіру қызметінің екі бөлімше мамандары оқиға орнына шұғыл аттанды. Өрт сөндірушілер жеткен уақытта үй өртеніп жатқан.
Өрт болған жерден үйде тұратын 1989 жылы туған ер адамның мәйіті табылды. Бүгінгі таңда өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Куәгерлердің айтуынша, өртті бірінші болып жұмысшы кентінің 19 жастағы тұрғыны Мария Симонова көрген. Ол қою түтінді байқап, өрт болған жерге бірінші болып жеткен. Үйдің есігін ашқан бойжеткен төрт аяқтап есікке қарай ентелеп келе жатқан ер адамды көрген. Мария оған түтін басқан үйден шығуға көмектесіп, содан кейін дереу өрт сөндірушілерді шақырған.