Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Үкіметте бірқатар министрлер ауысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі Президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президенттің Жарлығымен Зүлфия Болатқызы Сүлейменова Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі лауазымына тағайындалды. Ол 2021 жылғы қаңтар 2022 жылғы наурыз аралығында VII сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты болды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының Жарлығымен Серікқали Аманғалиұлы Брекешев Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі лауазымынан босатылды.
Ал Ғани Бектайұлы Бейсембаев Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі лауазымына тағайындалды.
Ғани Бейсембаев 1969 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын 1986 жылы Шиелі аудандық мәдениет бөлімінің автоклуб меңгерушісі қызметінен бастаған. 2022 жылдан қазіргі уақытқа дейін Оқу-ағарту вице-министрі қызметін атқарды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Марат Кәрімжанұлы Қарабаев Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болды. Ал бұған дейін бұл лауазымды атқарған Қайырбек Айтбайұлы Өскенбаев Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі лауазымынан босатылды. Марат Қарабаев 1987 жылы Өзбекстан Республикасының Ташкент облысында туған. Ташкент автомобиль жолы институтын, Уорвик университетін (Ұлыбритания), М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын 2011 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су шаруашылығы комитетінің Су шаруашылығы ғимараттарының желілерін пайдалану және дамыту басқармасы сарапшысының міндетін атқарушы ретінде бастады. 2021 жылдың шілде айынан бастап бүгінгі уақытқа дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болып қызмет атқарды.