Қаңтардың 4-і күні Жамбыл ауданындағы Пресновка ауылында төтенше жағдай орын алды. 66 жастағы жеке үйдің иесі көмірқышқыл газына уланып, аудандық ауруханаға түсті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Солтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мәліметінше, ауруханаға түскен кезде зейнеткердің жағдайы орташа ауыр болған. Ал қазір оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Әйел қатты отынмен жылытатын пештен шыққан түтіннен уланған. Мамандар пешті толығырақ тексергенде өрт қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзу фактілерін анықтады.
Жаңа жылдан бері көмірқышқыл газына улану оқиғасы осымен екінші рет болып отыр. Бірінші оқиға 3 қаңтарда Петропавлда тіркелді. 63 жастағы жұмысшы жеке қазандықта жылыту пешін тазалау кезінде көмірқышқыл газына уланды.