Қаңтардың 8-і күні «Астана–Петропавл» автожолының 236-шақырымында 9 көліктің қатысуымен жол апаты болып, 9 адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Белгілі болғандай, Петропавл қаласының 34 жастағы тұрғыны «ВАЗ 2109» көлігімен «Chevrolet Cobalt» автокөлігін және «Volvo» автокөлігін соққан. Содан кейін тағы 6 көлік бір-біріне соғылған: «Renault Sandero», «Газель, 2 «Toyota Camry», «Daimler Chrysler» және «Toyota Prado».
Жол апаты салдарынан 2 жүргізуші мен 7 жолаушы «Авиценна Бурабай» ЖШС-не жеткізілді.
6 жүргізушінің үстінен ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы 1-бөлігі – «Көлік құралдарының жүргізушілерінің адамдардың денсаулығына зиян келтіруге, көлік құралдарына немесе өзге де мүлікке зиян келтіруге әкеп соққан Жол жүрісі ережелерін бұзуы» бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.