Петропавл қаласының Назарбаев зияткерлік мектебінде «Samgau» дәстүрлі түлектер форумы ұйымдастырылды. Іс-шараға 70-ке жуық NIS түлегі ат салысты. Беделді университеттердің студенттері жоғары оқу орындарына түсу бойынша пайдалы ақпаратпен бөлісті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қысқы демалыс кезінде туған мектеп қабырғасына оралу NIS түлектері үшін жақсы дәстүрге айналған. Форум аясында түлеп ұшқан алтын ұяларына 70-ке жуық студент келді.
— Мектепке келуге уақыт бөлгендеріңізге өте қуаныштымыз. NIS мектептері еліміздегі ғылымның дамуына ықпал ету мақсатында құрылғаны белгілі. Сондықтан қолға алған істі жалғастырып, өскелең ұрпақтың бастамаларын қолдап, өз тәжірибелеріңізбен бөлісу қажет,- деп атап өтті Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Данияр Уәлиев.
Түлектер форумы «Alumni NIS» түлектер қауымдастығының қолдауымен өткенін атап өткен жөн. Ұйымдағылар сондай-ақ «NIS Challenge» өткізіп, «Talim» тәлімгерлік бағдарламасын, «Beles» және «Ayaldama» жобаларын іске қосты. Кездесуде «Alumni NIS» амбассадоры Меруерт Ерлеш қауымдастық жұмысының негізгі бағыттары туралы айтты.
Құттықтаулар мен интерактивтерден кейін әлемнің үздік университеттерінде оқитын мектеп түлектері жоғары сынып оқушыларымен алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарына түсу туралы ақпаратпен бөлісті. Ол үшін мектепте түрлі бағыттар бойынша 5 секцияда шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Шараға 130-дан астам жоғары сынып оқушылары қатысқанын айта кеткен жөн.