Қаңтардың бірінші онкүндігі ақтүтек боранымен, саршұнақ аязымен есте қалды. «Қазгидромед» республикалық мемлекеттік мекемесі филиалы мамандарының айтуынша, мұндай ауа райы ақпанда айында қайталануы мүмкін. Сондықтан облыстағы коммуналдық қызметтер мен Петропавл жылу-электр орталығының өкілдері табиғаттың тосын сыйына дайын болуы қажет, Облыстық әкімдікте өткен аппараттық кеңесте өңір жетекшісі Айдарбек Сапаров осылай деді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Аппараттық кеңесте белгілі болғандай, Петропавл №2 жылу-электр орталығында 17 тәулікке жететін көмір бар. Бүгіндері қара отынмен өңір халқының 87 пайызы қамтылған.
– Қатты аяз 10-15 күн бойы сақталса не істейміз? Жағылатын көмір ұлғайып, қор азаяды. Мұндайға жол бермеу керек. Сіздер кем дегенде 20 тәулікке жететін қара отын әзірлеу қажетсіздер. Вагондарды теміржол тұйықтары үздіксіз қабылдасын. Алдағы айларда көмір іздеп жүрмейік, – деді СҚО әкімі Айдарбек Сапаров.