Өткен жылы облыс орталығында 167 рейд өткізіліп, 1041 құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, балалардың тәрбиесіне немқұрайды қарайтын отбасыларға ерекше назар аударылады. Бүгіндері петропавлдық ювеналдық полиция бөлімшесінде 39 отбасы есепте тұр.
– Комиссия ата-аналарға қойылатын талаптарды белгілеп, балаларына қолайлы санитарлық жағдай жасау, жұмыс табу, спирттік ішімдіктерді доғаруды қолға алуларын міндеттеді. Бұндай шаралардың тиімділігі жоғары екенін айта кеткен жөн. Бір жыл ішінде 46 ата-ана ювеналдық полицияға есепке қойылды, ал 55-нің тәртіптері түзеліп, есептен шығарылды, – дейді Петропавл қаласы ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Рустам Садулов.
Кей жағдайларда полицейлер жасөспірімдерді арнайы білім беру ұйымдарына жіберуге мәжбүр болады. Петропавлда 12 айдың ішінде сот арқылы төрт жасөспірімді осындай мекемеге жолдама беру туралы шешім қабылданды. Оның ішінде 16 және 17 жастағы екі апалы-сіңлілі қыздар да бар. Олар бірнеше рет үйден кетіп, заңды өкілдердің, тәрбиешілер мен психологтардың әрекеттерін елемеген. Қазіргі уақытта әпкелердің кенжесі арнайы ұйымнан үйіне оралды.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі