Петропавл қалалық көпсалалы жедел медициналық жәрдем ауруханасына жыл басынан жарақат алған, үсік шалған 400-ден астам адам жүгінді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі «ҚазАқпарат» сайтына сілтеме жасап.
Петропавл қалалық көпсалалы жедел медициналық жәрдем ауруханасының баспасөз қызметінің мәліметінше, жарақат бөлімшесіне қаралғандардың 150-і түрлі сынық алған, тағы 12 адам үсік шалып, мамандардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.
– Үсік алғандар негізінен мас күйде түседі. Оларды аман алып қалу үшін ампутация жасауға тура келіп жатады. Бұрын негізінен қаңғыбастар түсетін, ал қазір спирттік ішімдік ішкендер немесе жарақат алып, далада жатып қалғандарды қабылдаймыз. Жыл басынан үсік алған 12 адамның төртеуін ауруханаға жатқызуға тура келді. Желтоқсан айында қол-аяғын үсіткен 14 адам хабарласты. Олардың бесеуі жатқызылды. Қазіргі уақытта ампутация жасалған екеуі әлі ем алып жатыр, — дейді аурухана дәрігерлері.