«AMANAT» партиясының белсенділері Ақжар ауданында тұратын жетім балаға ойыншықтар мен киім сатып алып берді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі «AMANAT» партиясы СҚОФ-тың бапасөз қызметіне сілтеме жасап.
«AMANAT» партиясының Ақжар аудандық филиалы 3 жасар сәби Константин Ткаченкоға көмек көрсетті. Баланы барлық қажетті заттармен жергілікті партия мүшелері әрі меценаттар Нұрлығаин Байгереева мен Орынбасар Ысқақова қамтамасыз етті.
Бұған дейін «Денсаулық» бастауыш партия ұйымының төрайымы, орталық аудандық аурухананың бас дәрігері Шолпан Сәбитова Константинге көмек көрсету туралы бастаманы көтерген болатын. Ол «AMANAT» партиясы Ақжар аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне жүгініп, ауруханада өсіп келе жатқан жетім балаға ойыншықтар, жаялықтар мен киім керек екенін жеткізген еді.
– 3 жасар бала даму жағынан артта қалған, ауруханаға түскен кезінде салмағы небәрі 5 килограмм болды. Отыра да, жүре де алмады. Ол тек жата беретін, сөйлеспейтін. Ішімдікке салынған анасы 2022 жылдың қазан айында қайтыс болды, әкесі түрмеде отыр. Біз балаға дамытатын ойыншықтар, жаялықтар, жемістер, шырындар, киім сатып алдық, – деді партияның аудандық филиалының төрайымы Оксана Киккаринова.
Дәрігерлердің айтуынша, Константинді арнайы мамандандырылған мекемеге жайғастыру қажет. Бүгіндері партияның Ақжар аудандық филиалы қамқоршылық органдарымен баланы «Сәби үйіне» орналастыру мәселесін пысықтауда.