Ұлы Отан соғысының ардагері Қабен Мырзағұлов 100 жасқа толды. Айтулы мерейтоймен ақсақалды қалалық және облыстық ардагерлер кеңесінің өкілдері, қорғаныс істері жөніндегі басқарманың штаб бастығы құттықтады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
– Сонау сұрапыл соғыс жылдары көрсеткен ерлігіңіз еш ұмытылмайды. Өскелең ұрпақ жадында сақталады. Сіз біз үшін алып тұлғасыз, батырсыз. Облыс және қала басшылығы атынан 100 жасқа келуіңізбен шын жүректен құттықтаймыз. Зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз. Артыңыздан ерген немере-шөберелеріңіздің қызығын көре беріңіз, – деп құттықтады қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин.
Қабен Мырзағұлов Шал ақын ауданындағы Ысқақ Ыбыраев ауылында 1923 жылдың 14 қаңтарында дүниеге келген. Бақытты балалық шағын сонда өткізіп, алғаш мектеп есігін ашып, білім алған. Соғысқа 1942 жылы маусымның 7-і күні жіберілді. Сол кездегі жас сарбаз зеңбірекшілер полкінің құрамында Воронеж бағытындағы майданға түсіп, белгілі қолбасшы Рокоссовскийдің басшылығымен Сталинград түбіндегі шайқастарға қатысты.Соғыс ардагері Украина, Беларусь, Польша, Румыния, Венгрия, Балтық елдерін азат етуге атсалысып, Берлинге жетіп, Ұлы Жеңісті қарсы алды. Ол сондай-ақ Курск доғасындағы шайқасқа, Харьковты, Киевті басып алу ұрыстарына қатысты.
Естеріңізге салсақ, бүгіндері Солтүстік Қазақстан облысында көзі тірі 9 соғыс ардагері бар, оның 8-і Петропавлда тұрады.