СҚО кәсіпорындары құс еті импортын 100% жергілікті өніммен алмастыруға дайын

Авторы: Qyzyljar News

Солтүстік Қазақстан облысында құс етінің импортын 100% жергілікті өніммен алмастыруға мүмкіндік бар. Өңірде кейінгі екі жылда ашылған ауыл шаруашылығы кәсіпорындары қызметінің нәтижелері Премьер-Министрдің орынбасары — Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринге таныстырылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Премьер-Министрдің орынбасары — Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Аққайың ауданы Ленин ауылында ауыл шаруашылығы өндірушілерімен кездесті. Өңір әкімдігінің мәліметінше, кейінгі екі жылда ӘКК арқылы жеңілдікпен несиелендіру бойынша пилоттық жоба аясында бірқатар ауыл шаруашылығы кәсіпорны ашылған. Құс фабрикалары толық қуатқа шыққаннан кейін құс етінің импортын 100% жергілікті өніммен алмастыруға мүмкіндік бар. Мәселен, 5 мың тонна ет өндіретін бір ғана фабрика облыстың құс етіне деген сұранысын 50%-ға дейін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, бұл – 170-ке жуық адамды жұмыспен қамтып отырған ауылдық округтегі алғашқы ірі инвестициялық жоба, оның 90%-ы – жергілікті тұрғындар.

Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының есептелген табыстылығы қарызға алынған ақшаны дер кезінде қайтаруға мүмкіндік береді. ӘКК арқылы несиелендіру механизмі қаражатты уақтылы қайтаруды және жоба бастамашылары үшін барынша қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етеді, кепіл шарттарын үнемдейді (кепіл ретінде сатып алынған техника мен мал қабылданады). Көптеген жобаларды толық жүзеге асыру үшін 1,5-2 жыл қажет. 2021-2022 жылдары 7 бағыт бойынша 35 ірі жоба іске асырылды. Бүгінде СҚО-ның барлық аудандары сүт кешендерінің құрылысымен қамтылғанын айта кеткен жөн.Жобаларды іске асырудан 2 жылда ұйымдасқан шаруашылықтарда сүт өндірісі 17,5%-ға немесе 35,3 мың тоннаға (201,8-ден 237,1 мың тоннаға дейін) өсті. Бүгінгі таңда облыс дайын сүт өнімдерін өндіру бойынша көшбасшы саналады (Қазақстан бойынша өндіріс – 819 мың тонна, оның ішінде СҚО – 188,4 мың тонна (23%).

– Біздің алдымызда елдің сүт, құс еті мен көкөністерге деген қажеттілігін өзі толығымен жабатындай ету міндеті тұр. Бүгінде бұл саладағы ең жоғары құзыреттер – СҚО-да. Өңір агроөнеркәсіп өндірушілеріне жеңілдетілген қаржыландыруды ұсыну бойынша ауқымды жобаны іске асырудың бастамашысы болды. Мемлекеттік инвестицияның тиімділігін көріп отырмыз. Бұл жобаны қуатты жем-шөп және өндірістік база құрылған басқа өңірлерде де кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Суару жобаларын да қолдауға дайынбыз. Сонымен қатар, бүгінде тауар өндірушілердің өнімді өткізуі үшін ең жақсы жағдай жасау мақсатында сауда желілерімен жұмыс істеп жатырмыз, — деді Серік Жұманғарин фермерлерге кездесу барысында.

Солтүстік Қазақстан облысына екі күндік жұмыс сапары аясында Премьер-Министрдің орынбасары облыстың бірнеше ауданында болып, Тайынша ветеринарлық зертханасының қызметімен, ветеринарлық-санитарлық зертхананың, «Солтүстік» ӘКК арқылы жеңілдетілген несиелендіру бойынша пилоттық жобаларға қатысушы кәсіпорындар – «Зенченко және К», «Қызылжар сүт» сүт-тауарлы фермалары, BioOperations крахмал зауыты, жылыжайлар, көкөніс қоймалары және «Радуга» ЖШС қағаз өндірісі зауыты, «EMC Agro» шошқа фермасын кеңейту кешені, Новоникольский ауылындағы әлеуметтік нысандарының жұмысымен тынысты. Жақын арада вице-премьер өндірушілермен кездесу үшін басқа аграрлық облыстардың кәсіпорындарына баруды жоспарлап отырғанын да айта кеткен жөн.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz