Солтүстік Қазақстан облысында жіті жұқпалы респираторлық вирустық инфекциялармен және тұмаумен ауырғандардың саны артып келеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен эпидемиологиялық маусыммен салыстырғанда ЖРВИ-мен сырқаттанушылық 1,6 есеге артқан. 65% жағдайда балаларда вирустық инфекциялар анықталды. Үш айдың ішінде аймақта В типті және А типті тұмаудың 245 зертханалық расталған жағдайы тіркелген. Оның ішінде 13 адам «шошқа» тұмауын және төртеуі «Гонконг» тұмауын жұқтырған. Науқастардың арасында 49 жүкті әйел, 14 жасқа дейінгі 83 бала бар екенін айта кеткен жөн. Аурудың 139 жағдайы Петропавлда анықталды. Ал науқастардың ең аз саны Мамлют ауданында (1 адам) анықталса, алтауы – Ақжар және Тимирязев аудандарында тіркелді.