СҚО-да демалыс күндері 8 өрт оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мәліметінше, өткен демалыс күндері Қызылжар ауданындағы Надежка ауылында жер үй жанып кетті. Қызыл жалын 42 шаршы метрді шарпып, баспаны толығымен өрттеп жіберді. Аталған оқыс оқиғаның кесірінен 61 жастағы ер адам қаза тапты. Тағы бір оқиға Аққайың ауданында орын алды. 2 дәрежелі күйікпен ауруханаға жеткізілген ер адам кейін ес жимастан көз жұмды.
– Аққайың ауданында ер адам пеш жағу үшін туристік газ баллонын пайдаланған. Қысымның төмендеуі мен қауіпсіздік ережесін сақтамаудың салдарынан баллон жарылып, азаматтың денесінің 30 пайызын күйік шалған. Ер адам медициналық мекемеде қайтыс болды. Жалпы, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өрт оқиғалары 40 пайызға жиілеп кеткенін айта кеткен жөн. Жыл басынан бері өрттен 6 адам қаза тапты. Түтіннен 3 адам уланып, оның біреуі көз жұмды, – дейді СҚО ТЖД бастығының орынбасары Дмитрий Растихин.