Биыл Солтүстік Қазақстан облысындағы Есіл ауданының тұрғындарын тіршілік нәрімен қамту мақсатында ірі жоба жүзеге асады. Нәтижесінде таза ауызсумен 13 ауылдың халқы қамтылады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі «Хабар24» телеарнасына сілтеме жасап.
Есіл ауданының әкімдігі су мәселесін шешуге білек сыбана кірісіп кеткен. Өткен жылдың өзінде халықты тіршілік нәрімен қамту үшін 12 жоба жүзеге асырылып, бұл мақсатқа 12 млрд. теңге бөлінді.
Мәселен, Николаевка елдімекенінің тұрғындары көп жылдар бойы құдықтың суын ішкен. Былтыр бұл мәселе шешімін тауып, суды әр үйге дейін тартуға мүмкіндік туды. Жергілікті бюджеттен 54 млн. теңге бөлініп, елдімекеннің екі көшесіне тіршілік нәрі жетті. Ал биыл Преснов су құбыры құрылысының үшінші кезеңі басталады.
– Преснов су құбырының құрылысы аяқталысымен 13 ауылға тіршілік нәрі жетеді. Жалпы 6 мыңнан астам тұрғын сапалы ауызсумен қамтылады. Сондай-ақ биыл Бұлақ ауылында су тарату желісін құру жоспарланып отыр. Жобаның құны – 826 млн. теңге, – дейді Есіл ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Руслан Қуандық.
Есіл ауданында 20 жуық ауыл тұрғыны тұрады. Бүгінгі күні олардың 90 пайызы таза сумен қамтылған.