Солтүстік Қазақстан облысында денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы мәселесі өзектілігін жоймай отыр. Бүгінгі күні өңірдің медицина мекемелерінде 417 маман жетіспейді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта аймақтағы медицина мекемелеріне 208 дәрігер мен 209 фельдшер қажет. Бұл тізімде психиатр, гинеколог, хирург, кардиолог пен анестезиологтар бар.
– Өткен жылы облысқа 280 дәрігер келді. Олардың басым бөлігі, яғни 185-і қаладағы денсаулық сақтау мекемелеріне жұмысқа орналастырылды. Ал қалғаны ауылдық жерлерге жіберілді. Десе де өңірден белгілі бір себептермен қоныс аударған дәрігерлер де болды. Осылайша 218 маман өзге қалаларға көшіп кетті, – деді СҚО денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Құмар Күсемісов.
Облыстық әкімдікте өткен жиын барысында өңір басшысы Айдарбек Сапаров, мәселені шешудің оңтайлы жолы – еліміздің өзге аймақтарына барып, жас мамандарды теріскейге тарту жұмыстарын жалғастыру қажет деген.
– Бірнеше жыл бойы Түркістан, Шымкент, Алматы қалаларының жоғары оқу орындарына барып жүрміз. Облысымызда дәрігер мамандарға жақсы жағдай жасаймыз деп жарнамалап келеміз. Нәтижесі бар деуге болады. Енді көрші Ресейдің Түмен, Омбы қалаларындағы медициналық университеттерінің студенттерімен де кездесулер өткізу қажет, – деді СҚО әкімі Айдарбек Сапаров.
Естеріңізге салсақ, жергілікті атқарушы билік тарапынан дәрігерлерді өңірге тарту мақсатында көтермеақылар қарастырылған. Егер медицина саласы қызметкері ауылды жерде жұмыс істегісі келсе, оған 2 жарым млн. теңге көлемінде ақшалай грант беріледі. Ал Петропавлда еңбек етсе, 1 жарым млн. теңге ұсынылады.