Петропавлдағы №2 Жылу-электр орталығы күл төгу үшін орманды алқаптардың 89 га пайдаланбақ. Бірақ кейін кесілген ағаштың орнына 10 есе артық көшет отырғызуды міндетке алады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
«Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы №2 ЖЭО-ның күл сақтайтын жалғыз орны толуға жақын. Сондықтан станцияның үздіксіз жұмыс істеуі және қала мен облыстың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін жаңа күл үйіндісін салу қажеттілігі туындап отыр.
Компания әкімдік өкілдерімен бірге жаңа күл үйіндісі үшін әртүрлі жер учаскелерін қарады, бірақ олардың барлығы құрылысқа жарамсыз немесе бірқатар себеп бойынша айтарлықтай қымбатқа соғатыны белгілі болды. Мәселен, бір жерде топырақ жарамсыз болса, енді бірінде жерасты сулары деңгейі жоғары, сондай-ақ өндірістік алаңнан қашық жатуы, инженерлік желілердің болмауы да тиімсіз. Бұл факторлар құрылыстың сметалық құнын бірнеше есе арттырады. Ал бұл кейін тарифтердің өсуі арқылы тұрғындардың қалтасын қағуы мүмкін екенін айта кеткен жөн.
Осыған байланысты қазіргі № 2 күл үйіндісіне іргелес аумақта жаңадан күл үйіндісін салу мүмкіндігін қарастыру туралы шешім қабылданды. Жер учаскесінің жалпы ауданы 238 га, алайда бұл учаскедегі 89 га мемлекеттік орман қорының жері орналасқан. «Севказэнерго» компаниясы бұл мәселені шешуге болады деген пікірде, олар кесілген ағаштардың орнына он есе артық көшет отырғызуды ұсынды. Осылайша, орман қорының аумағын едәуір ұлғайтып, орманды толығымен қалпына келтіруді міндеттенеді.
Мамандардың айтуынша, күл төккен аумақтың маңында қазірдің өзінде өңірде кездесетін ағаштардың бірқатары өсіп жатыр. Мысалы № 2 күл үйіндісінің аумағында шырғанақтың тұтас алқабы бар, солтүстік аймақта кең таралған қайың, терек, үйеңкі және басқа да ағаштар өседі.