Петропавл тұрғындары «102» мобильді қосымшасы арқылы полицияға 219 мәрте жүгінді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«SOS» батырмасы, аудио және бейнеқоңырау шалу, фотосуреттер мен бейнежазбалар, дыбыстық хабарламалар, мәтіндер жіберу – бұл ұялы телефондарға арналған «102» мобильді қосымшасының мүмкіншіліктері. Оны «PlayMarket» немесе «AppStore» дүкендерінен жүктеп алуға болады.
Қосымша полициямен кез-келген уақытта байланысуға, заңбұзушылық туралы хабарлауға, кеңес алуға мүмкіндік береді. Полицейлер тұрған жерін білмей қоңырау шалған адамның нақты қай мекенжайда орналасқанын қосымшадағы геолокация арқылы біле алады.
– Өткен жылы петропавлдықтар «102» қосымшасын 219 рет пайдаланды. 163 жағдайда келіп тсүкен ақпарат расталды, нәтижесінде құқықбұзушылар жауапқа тартылды. Негізінен өтініштердің біразы жол жүрісі қағидаларын бұзуға қатысты болды. Көптеген адамдар мәтіндік хабарламаларды жіберуді таңдайды, – дейді әкімшілік полиция басқармасының мамандары.
Өтініштердің негізгі тақырыптары – көліктерді қою ережелерін бұзу. Мұндай құқықбұзушылықтардың қатарына жүргізушілердің жаяу жүргіншілерге кедергі келтіру, теміртұлпарларды тротуарларда қалдыру, қауіпті маневрлар жасауы кіреді.
«102» мобильді қосымшаның көмегімен полицейлер тамыз айының соңында көпқабатты үйдің ауласында шулы жиындар ұйымдастырған мас күйдегі адамдарға қатысты әкімшілік материал жинады. Қоңырау соққан тұрғын хабарламаға бейнежазбаны қосып жіберген. Бұл құқықбұзушылықты анықтауда дәлел болды.
Қосымша ҚР Ішкі істер министрлігі «Азаматтардың хабарламаларын қабылдау үрдісінің бірізділігі» жобасы аясында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асыру мақсатындағы маңызды құрал болып есептелінеді. Ол сондай-ақ чат-боттар және электрондық пошта арқылы мәтіндік өтініштер жіберуді, «Telegram» (@qz102bot), «Facebook» чат-боттары, ҚР ІІМ ресми интернет-ресурсында орналастырылған виджет арқылы полицияға қатысты кез келген тақырып бойынша мәтіндік кеңестер беруді қамтиды.
Фото және бейнежазба: СҚО ПД баспасөз қызметі.