Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысының түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілер саны 540 адамға артып, сотталғандардың өз-өзіне дене жарақатын салу деректері көбейген, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі «ҚазАқпарат» сайтына сілтеме жасап.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменнің мәліметінше, темір торға тоғытылғандар азаматтардың өскеніне қарамастан, қылмыстық-атқару жүйесінің органдары тұрақты, жедел қауіпсіздік режімін тұрақты түрде қамтамасыз етіп отыр.
– Облыс бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мекемелерінде сотталғандар тарапынан өздеріне дене жарақатын келтіру деректері артқан. Қадағалаушы орган осындай әрбір жағдайды бүге-шігесіне дейін анықтауды және нақты себептерін білуді талап етеді. Мекемелердегі тұрақты жағдайға қол жеткізу үшін сотталғандардың құқығын таптап, оларды кемсітуге жол берілмеуі тиіс. Мұндайдың кез келген түріне тыйым салынады, — деді СҚО прокурорының орынбасары Мұрат Қожамқұлов.
Естеріңізге салсақ, биылдан бастап азаптауға қатысты істерді тергеумен заң бойынша тек прокуратура айналыса алады. Сондықтан түзеу мекемелеріндегі сотталғандардың конституциялық құқығын сақтау және азаптау туралы түскен барлық арыз-шағымға дер кезінде ден қою қадағалаушы органның басты міндеті.