АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында өткен 2023 жылғы қысқы Универсиадада қазақстандық спортшылар 11 медаль жеіп алды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Универсиадада ұлттық құрама қоржынына үш алтын, төрт күміс, төрт қола медаль түсті. Нәтижесінде турнир кестесінде Қазақстан командасы 11-орынға жайғасты. Медальдар кестесінде 48 медальмен (21-17-10) Жапония көш бастаса, одан кейінгі орында Оңтүстік Корея – 29 (12-8-9) және Канаданың еншісінде – 13 (6-1-6) медал бар.
Ел құрамасынан биатлоншылар Вадим Куралес пен Бекентай Тұрлыбеков, шаңғымен тұғырдан секіруші Данил Васильев чемпиондық тұғырға көтерілді.
Екінші орын биатлоншы Александр Мухин, шаңғымен тұғырдан секіруші Данил Васильев пен Сергей Ткаченко (командалық жарыс), шорт-тректен аралас эстафета (Яна Хан, Мәлика Ермек, Алина Әжіғалиева, Әлішер Абулкатимов, Әділ Ғалиахметов және Еркебұлан Шамұқанов) және шорт-тректен ерлер құрамасына (Санжар Жанысов, Антон Хван, Әлішер Абулкамитов, Әділ Ғалиахметов, Еркебұлан Шамұқанов және Валерий Клименко) бұйырды. Ал қола жүлдеге биатлоншы Александр Мухин, шаңғышы Ксения Шалыгина, шаңғымен жарысудан әйелдер құрамасы (Айша Рақышева, Надежда Степашкина және Ксения Шалыгина) және хоккейден ерлер құрамасы қол жеткізді. Енді 2025 жылғы қысқы Универсиада Италияның Турин қаласында өтеді.