10 солтүстікқазақстандық іскер әйел «Бизнестегі желі» бағыты бойынша онлайн оқытудан өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Өткен жылы наурыз айында облыстық кәсіпкерлер палатасында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылған болатын. Аз уақыттың ішінде орталық мамандары айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Небәрі 9 айдың ішінде 400-ге жуық қыз-келіншікке 700-ден астам қызмет көрсетіліпті.
– 20-дан астам әйел кондитерлік, тігін өндірісі және сұлулық қызметтері сияқты бағыттар бойынша бейіндік оқытудан өтті. Сондай-ақ, нәзікжандар әлеуметтік кәсіпкерлік, салық және бухгалтерлік есеп, бизнесті жүргізудің құқықтық аспектілері секілді кәсіби өсу тренингтері мен шеберлік сабақтарына да қатысты,- дейді СҚО әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының кеңесшісі Ирина Васильева.
Мамандар британдық бизнес-мектебімен бірлесе “Бизнестегі желі” бағыты бойынша онлайн оқыту ұйымдастырған. Оқыту барысында кәсіпкер әйелдер өнімдері мен қызметтерін ілгерілетуді, клиенттік базаны кеңейтуді және серіктестік байланыс орнатуды үйренді. «Бизнестегі желі» бағыты бойынша онлайн оқыту өткен жылдың сәуірі мен желтоқсан айы аралығында өткен. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы осындай курстарды биыл да ұйымдастырмақ.
Фото: Атамекен кәсіпкерлер палатасы