Солтүстік Қазақстан облысында бір аптаның ішінде жұқпалы респираторлық-вирустық инфекцияларға шалдыққан қатары азайғанымен, сырқаттанушылықтың маусымдық өсуі байқалады. Эпидемиологиялық маусымның басынан бастап өсім – 1,6 есеге ұлғайған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен аптада 1 861 науқас тіркелген. Бұл алдыңғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 24% — ға төмен. 65% жағдайда балаларда вирустық инфекциялар анықталды. Үш айдың ішінде аймақта «В» типті және «А» типті тұмаудың 246 зертханалық расталған жағдайы тіркелген. Оның ішінде 22 адам «шошқа» тұмауын және төртеуі «Гонконг» тұмауын жұқтырған. Науқастардың арасында 53 жүкті әйел, 14 жасқа дейінгі 84 бала бар екенін айта кеткен жөн.
Санитарлық дәрігерлер бетперде киюді, әлеуметтік қашықтықты сақтауды, мүмкіндігінше адамдар көп жиналатын жерлерге бармауды, қолды сабынмен мүмкіндігінше жиі жууды ұсынады. Тұмау вирусы ауа тамшылары арқылы ғана емес, сонымен қатар лас қолдар мұрынның, көздің, ауыздың шырышты қабаттарымен байланыста болған кезде тұрмыстық заттар арқылы да таралады.