Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР Сот әкімшілігінің кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа енгізілген өзгерістер туралы құжатқа қол қойды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі «Zakon.kz» сайтына сілтеме жасап.
Құжатқа сәйкес, ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті Сот әкімшілігі болып қайта құрылады.
Сот әкімшілігінің міндеттері:
— Сот әкімшілігі саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу және жетілдіру;
— Сот төрелігін толық және тәуелсіз іске асыру үшін қажетті және жеткілікті жағдайлар жасау;
— Сот жүйесі мен Соттардың қызметін жетілдіруге бағытталған жүйелі реформаларды әзірлеу.
– Сот әкімшілігі ҚР Жоғарғы Сотының, жергілікті және басқа да соттардың қызметін ұйымдық-құқықтық, ақпараттық-талдамалық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын сот әкімшілігі саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган болып есептеледі, – делінген құжатта.
Мұндай тәсіл арқылы Судьялар корпусы сот төрелігін жүзеге асыру мәселелеріне толығымен шоғырланатын болатыны атап көрсетіледі.
Сот Әкімшілігінің құрылымында ҚР Жоғарғы Сотының аппараты құрылады.
Сот әкімшілігі қызметкерлерінің жалақы деңгейі, материалдық, қаржылық және әлеуметтік-тұрмыстық қамтамасыз етудің өзге де шарттары бойынша ҚР Премьер-министрі кеңсесінің және ҚР Парламенті палаталары аппараттарының қызметкерлеріне теңестіріледі.