Есірткі саудасымен айналысатындар ғаламторды пайдаланудан сескенбейді. Өткен жылы полицейлер заңсыз әрекетке барған сайттар жайлы ақпарат жинақтап, Қазақстан Республикасы Цифрлық даму министрлігіне жіберді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО ПД есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасының мәліметінше, синтетикалық және психотропты заттарды жарнамалаған 193 сайт анықталды. Оларды жабу мақсатында сілтемелері ҚР Цифрлық даму министрлігіне жолданды.
– Өңірде есірткі заттарын таралуына тосқауыл қою мақсатында «Рефлекс», «Паутина», «Дәрмек», «Транзит» және «Қарасора» жедел алдын алу шаралары ұйымдастырылды. Сондай-ақ әлеуметтік желілер назарға алынып, күн сайын мониторинг жүргізіледі. 2020 жылдың қаңтарынан бастап, есірткіні заңсыз жарнамалау және насихаттау тұрғысында заңға өзгерістер енгізілгені белгілі. Бұрын заңсыз әрекетке барғандар үшін әкімшілік кодексте көрсетілгендей айыппұл қарастырылды. Енді азаматтар қылмыстық жазаға тартылып, 3-6 жылдан бас бостандығынан айырылуы мүмкін, – дейді Петропавл қаласы полиция басқармасы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы Жангелді Әпенов.