Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында екі жүзге жуық адам із-түссіз жоғалған 10 жасар баланы екі тәулік бойы іздеді. Оны табуға қызметтік-іздестіру иті көмектесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Баланың жоғалғаны туралы 26 қаңтар күні белгілі болған. Іздеу шараларына полицейлерден бөлек, өрт сөндіру және төтенше жағдайлар бөлімдерінің, аудан әкімдігінің қызметкерлері жұмылдырылған. Облыстық полиция департаментінен екі іздеу тобы мен Жасқайрат, Қайрат, Қулыкөл және басқа да ауылдардың тұрғындары көмек көрсеткен. Біреулер жаяу, келесілері автокөліктермен, жылқылармен төңіректі қараған. 27 қаңтар күні бала аман-есен бос тұрған үйден табылды. Бұл үйдің иелері жол жүріп кетіпті. Сәбиді аудандық полиция бөлімінің кинолог-инспекторы Нұрлан Жауар Цефей есімді неміс овчаркасының көмегімен тауып алған.
-Бала медициналық мекемеге жеткізілді, қазір ол дәрігерлердің бақылауында. Ювеналдық полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр, баланың отбасымен жұмыс жүргізілетін болады. Полиция бөлімі басшылығының және жеке құрамның атынан іздеу жұмыстарына қатысқан ауданның барлық тұрғындарына алғысымды білдіремін, — дейді Уәлиханов аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Руслан Алижанов.
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі