Шайбалы хоккейден ел біріншілігі аясында солтүстікқазақстандық «Qulager» клубы өз мұз айдынында елордалық «Nomad» командасын қабылдады. Бірінші ойында жерлестеріміз 2:1 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Кездесу басталысымен жергілікті хоккейшілер ойын тізгінін өз қолдарына алды. Нәтижесінде көп ұзамай есепті бірінші болып жерлестеріміз ашты. Шайба авторы – Кирилл Старцев. Кейін елордалықтар таразы басын теңестіруге тырысты. Өкінішке қарай, бірінші кезең 1:0 есебімен аяқталды.
Ойынның екінші бөлімінде қонақтар дегеніне жетті. «Nomad» клубы сапында есепті Батырлан Мұратов теңестірді. Бұл кезеңде жерлестеріміз үзіліске шайбасыз қайтпады. Құлагерлік Ярислов Хрипков екінші нәтижелі соққының авторы атанды.
Үшінші кезеңде қос команда ойыншылары қанша шабуылдағанмен еш нәтиже шықпады. Қорытынды есеп 2:1, құлагерліктер жеңіске жетті.
Әзірге жерлестеріміз турнир кестесінде 8-ші орында, ал «Nomad» клубы 3-ші сатыда келе жатыр. Көш басында – қарағандылық «Сарыарқа».
Елордалық командаға қарсы қарымта ойын бүгін сағат 19:00-де Спорт сарайында өтеді.