Қазақстан Республикасы ІІМ аппаратының басшысы Солтүстік Қазақстан полициясының жеке құрамымен кездесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қаңтардың 30-ы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясының базасында полиция басқармалары мен бөлімдері бастықтарының кадр саясаты жөніндегі орынбасарлары үшін республикалық оқу-әдістемелік жиындардың екінші кезеңі басталды.Аталған оқу-әдістемелік жиынға арнайы келген ІІМ аппаратының басшысы Оңал Бекиев Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің басшылығымен және жеке құрамымен кездесті.
ІІМ аппаратының басшысы полицейлерге қызметті ұйымдастыруға, тәртіп пен заңдылықты қатаң сақтауға қатысты негізгі талаптарды жеткізді. Сондай-ақ 2024-2028 жылдарға арналған қоғаммен әріптестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің әзірленіп жатқан тұжырымдамасының мәні туралы хабардар етті.
Бір апта ішінде ҰҰА оқу-әдістемелік жиыны аясында еліміздің түкпір-түкпірінен келген полиция қызметкерлері тренингтерге, семинарларға қатысады, дәрістер курсын тыңдайды, саптық дайындықпен айналысады.
Бұған дейін осындай курстар 16-21 қаңтар аралығында өткенін айта кеткен жөн. Олардың қорытындысы бойынша 100-ден астам полиция қызметкері сертификат алды.