2023 жылғы 1 ақпанда ҚР Ұлттық банкі валюта нарығына қатысты ақпарат таратты. Онда Ұлттық банк қаңтарда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына арнап 120 миллион доллар сатып алғаны айтылған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ұлттық банктің мәлімдеуінше, «БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында» Ұлттық Банк қаңтарда биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алды. Оның жалпы сомасы 120 млн. АҚШ долларын немесе нарықтың жалпы көлемінен шамамен 5,8% болды.
Бұл ретте Ұлттық Банк қаңтарда валюталық интервенциялар жүргізілмегенін хабарлады.
– Қаңтар айының қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 460,52 теңгеге дейін 0,5%-ға нығайды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың бір күндегі орташа көлемі бір айда 141-ден 103 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 2,1 млрд. АҚШ долларына тең болды. Бір ай ішінде валюта нарығы сұраныс пен ұсыныс тұрғысынан теңгерімді болды, айырбастау бағамы нарықтық жағдайларға байланысты қалыптасты, – ҚР Ұлттық банкі.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сатуы өткен айда шамамен 453 млн. АҚШ долларын құрады. Квазимемлекеттік сектор компаниялары екінші деңгейлі банктер арқылы валюта нарығында сатуды өз алдына дербес жүргізді.
Сондай-ақ Орталық банк Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату қаңтарда 228 млн. АҚШ долларына тең болғанын мәлім етті.
– Ұлттық қордан сату үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінен 11,1% болды және бір күнде 12 млн. АҚШ долларынан аспады. Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде Ұлттық Банк нарықтық бейтараптық қағидатын сақтайды, бұл – шетел валютасын тұрақты әрі біркелкі сату дегенді білдіреді. Мұндай тәжірибе валюта нарығына Ұлттық қор операцияларының әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді, – ҚР Ұлттық банкі.
Қысқа мерзімді перспективада теңгенің динамикасы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы жағдайға байланысты болады.
– Ұлттық банк теңгерімсіздіктің жинақталуына жол бермейтін және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады, – ҚР Ұлттық банкі