Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Целинное ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені қолданысқа берілді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі Qyzyljartv.kz сайтына сілтеме жасап.
Әлеуметтік маңызды нысанның ашылуына жергілікті «Целинное-2004» ЖШС мұрындық болып отыр. Кәсіпкер кешен құрылысына 30 млн. теңгеден астам қаржы жұмсаған. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуымен ауыл тұрғындарын аудан әкімі Серік Мұхамедиев құттықтады. Өз сөзінде ол жергілікті кәсіпкердің еңбегін оң бағалап, ауылдың дамуына үлкен әлеуметтік қолдау көрсетіп жатқанын айтты. Серіктестік басшысы мектеп оқушыларын түскі аспен тегін қамтып отыр, үйлерді орталықтандырылған жылу және су жүйесіне қосқан, сондай-ақ әлеуметтік нысандарды салу және жөнге келтіруге де үлесін қосуда.
– Дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне жаңа жабдықтарды сатып алуға 12 млн. теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Бұл ақшаға спорттық форма да сатып алынды, — дейді Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның әкімі Серік Мұхамедиев.
«Целинное-2004» ЖШС-нің ісі алға басса, халықтың тұрмысы да жақсара түспек. Өйткені компания әлеуметтік жауапкершілікке баса назар аударады. Ал дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуымен бұл ауылдан да чемпиондардың шығатынына сенім мол.
– Бұл кешен ең алдымен ауыл жастары үшін ашылып отыр.Мұнда олар спортпен шұғылдана алады.Шаруашылық ауылдағы әлеуметтік салаға көп көңіл бөледі. Біз ауылды дамытып,оның өркендеуі үшін қызмет атқарамыз,- дейді «Целинное-2004» ЖШС-нің басшысы Серік Ибраев.