Мас күйде көлік жүргізіп қана қоймай, медициналық куәландыруден бас тарту үшін қатаң жаза қарастырылған. Дегенмен заңды елемей жатқандар да табылып жатыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қаңтар айының соңында түнгі сағат 03:00 шамасында «Нива» автокөлігін жүргізіп келе жатқан 36 жастағы қала тұрғынын патрульдік полиция батальонының қызметкерлері тоқтатты. Интернационал көшесі бойымен жүрген оның қозғалысы жол сақшыларына күмәнді көрінді. Жүргізушіден алкогольдің өткір иісі шығып тұрды. Алайда масаңдық деңгейін анықтау үшін ұсынылған медициналық куәландыру тексерісінен бас тартты. Бұл әрекетімен ол жағдайын ушықтырып, заң алдындағы жауапкершіліктен жалтара алмады. Көлікті мас күйде басқару үшін 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жылға көлік басқару құқығынан айыру көзделсе, медициналық куәландыру тексерісінен бас тарту үшін сол мерзімге әкімшілік қамаққа алу және 8 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру қарастырылған.
– Қаңтар айында облыс жолдарында 20 мас жүргізуші тоқтатылды. Оның 15-і түнгі уақытта ұсталды. Кейде бірге көңіл көтеріп жүрген достарын, таныстарын жолаушы ретінде жанына мінгізіп алып жүретін мас жүргізушілер де табылып жатты, — дейді Петропавл қ. ПБ патрульдік полиция батальонының командирі Қанат Әлімжанов.