Өткен жылы облыс тұрғындары жиі туберкулезбен ауырды. 2021 жылмен салыстырғанда бұл дертке шалдыққандар қатары 15,81% өсіп, 210 адамда анықталған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, облыста туберкулезге қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. 2021 жылы қауіпті ауру 183 адамда анықталса, былтыр 210 адам диспансерлік есепке алынды. Туберкулезбен ауырғандардың басым бөлігі Петропавл тұрғындары, облыс орталығында сырқаттанушылық — 22,25%, Қызылжар ауданында 10 жағдайға, Айыртау ауданында 7 жағдайға, Есіл ауданында 4 жағдайға артты. Соның ішінде 15-17 жастағы жасөспірімдер арасында туберкулезбен ауырғандар саны 2 есеге өскенін байқауға болады. Осылайша былтыр дерт жұқтырған 6 жасөспірім анықталғанын айта кеткен жөн.
– Жөтел кезінде қоршаған ауада қақырықтың ең кішкентай бөлшектері 2 метрге дейін таралады. Күніне науқас қоршаған ортаға жөтелу арқылы 7 млрд-қа дейін туберкулез қоздырғышын бөледі. Ауада туберкулез микобактериялары бірнеше сағатқа дейін сақталуы мүмкін. Ем қабылдамаған науқас адам 10 адамнан 15 адамға дейін жұқтырады. Жұқтырған адамдардың тек 5-10% ағза иммунитеті әлсіреген жағдайда туберкулезбен ауыратыны белгілі. Сондықтан маскүнемдер, нашақорлар, АИТВ инфекциясымен және созылмалы аурулармен ауыратын адамдар жиі жұқтырады, — дейді СҚО санитарилық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.