Солтүстік Қазақстан облысының Сергеевка қаласында «автокөлік сату» туралы хабарландырулармен байланысты интернет-алаяқтық фактілері жиіледі, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қаскөйлер интернет кеңістігінде 1990 жылдары шыққан шетелдік маркалы автокөліктерді сату туралы жалған хабарландырулар жариялайды. Алаяқтар Шал ақын ауданында ұялы байланыстың нашар екенін және соның салдарынан бейнеқоңырауға жауап бере алмайтынын себеп қылады. Ақшаға өте мұқтаж екенін айтып жәбірленушілерді алдын ала төлем жасауға көндіреді. Сенімге кіріп, арам ойын жүзеге асырған олар ақшаны алғаннан кейін байланысқа шығуды тоқтатады.Ал жәбірленушілер Шал ақын ауданының орталығына келіп, уәде етілген көлікті іздеп келсе, аталған мекен жайда мүлдем көлігі жоқ адамдар тұратынына көздерін жеткізеді.
– 2021 жылы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жариялағаннан кейін мұндай жағдайлар тоқтады. Енді биыл айлакерлер баяғы әдетіне қайта басты. Бүгіндері 2 факті тіркелді. Егер сатушының адалдығына сенімді болмасаңыз, адамдардан алдын ала төлем жасауға келіспеуін сұраймыз. Бейнеқоңырау арқылы сөйлесуді талап еткен жөн. Алаяқтар әдетте бет-әлпетін жасырып, сөйлесуге келіспейді — дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.
Өткен жылы қылмыскерлер облыс тұрғындарының сеніміне кіріп, танымал хабарландыру сайттары мен әлеуметтік желілерде адамдарды 343 рет сан соқтырған. Олар негізінен «OLx.kz» сайтында айлаларын іске асырған. Мұндай 183 факті тіркелді. Ал «Instagram» қолданушыларын алаяқтар 83 рет алдаған. Веб-ресурстарының халық арасында танымал болып, жұмысының дұрыс болуын қадағалап отыратын әкімшілер ынтымақтастыққа дайын. Өткен жылы «kolesa.kz», «krysha.kz», «Olx.kz» хабарландыру сайттарында, «Instagram» желісінде 1430 хабарландыру тексерілді, оның 267-сі жалған деп бұғатталды.