Облыста қыс басталғалы жолдарға жауапты 56 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі «ҚазАқпарат» сайтына сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қыс мезгілінде жолдардың қардан тазартылып, қозғалысқа кедергі келтірмеуі – полицейлердің назарында. Әкімшілік полиция басқармасының ақпараты бойынша, күн сайын облыс жолдарына қар күреуге 50-ден 300-ге дейін арнайы техника шығады. Қолайсыз ауа райы жағдайында полицейлер төтенше жағдайларға жол бермеу үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырады. Тәртіп сақшылары «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және басқа да мүдделі ұйымдармен тұрақты байланыста болады.
– Қыс мезгілі басталғалы жолдарға 613 зерттеу жүргізілді, оның нәтижелері бойынша жолдар мен жол құрылыстарының иелеріне кемшіліктерді жою туралы 941 нұсқама берілді. Жолдарды қанағаттанарлықсыз жағдайда ұстағаны үшін 56 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — дейді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.