Швециядағы парашаңғы мен парабиатлоннан өткен әлем чемпионатында ел намысын қорғаған спортшылар құрметке бөленді. Облыс әкімі Айдарбек Сапаров атлеттермен тілдесіп, Қазақстанның пара спорт тарихында тұңғыш рет халықаралық біріншілікте топ жарған Ербол Хамитовке қызметтік пәтердің кілтін табыс етті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Пара спортшылар арасында биатлон мен шаңғы жарысынан өткен әлем чемпионатында өңіріміздің атынан 4 атлет қатысты. Қуанышымызға орай, Ербол Хамитов үш бірдей жүлделі орынға ие болды, оның 2-уі қола болса, біреуі – алты медаль. Жерлесіміздің бұл жетістігімен облыс әкімі әкімі Айдарбек Сапаров құттықтады.
– Жас спортшыларға үлгі болып, қайсарлық пен табандылық танытқан параатлеттер мен олардың бапкерлеріне алғыс білдіремін. Ербол Хамитовтың ата-анасы Ғалымкерей Құсайынов пен Ғалия Алпыспаеваға да ұлын тәрбиелеп, чемпион етіп өсіргені, өмірдегі барлық қиындықтарды жеңіп шыққаны үшін алғыс айтамын, – деді Айдарбек Сапаров.
Марапаттау рәсімінде Ербол Хамитовке ақшалай сыйақы да берілді. Әлем чемпионатына қатысқан өзге спортшылар мен жаттықтырушылар марапатсыз қалмады. Оларға естелік сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.
Фото: СҚО әкімдігінің бапасөз қызметі.