Петропавлда ұлттық спорт түрі – жекпе-жектен облыстың ашық біріншілігі өтті. Жарысқа өңірдің аудандары мен қаладан 60-қа тарта саңлақ қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
– Аталған сайыс ел чемпионатына іріктеу болып табылады. Алдағы уақытта ақпанның 15-19-ы күндері аралығында ересектер арасында жекпе-жектен республикалық біріншілік өтеді. Одан кейін Атырау қаласында 2003-2004, 2005-2006 жылы туған балалардың арасында ел чемпионаты ұйымдастырылады. Сол жарыстарға осы жерден мықтыларды іріктеп алмақпыз. Осы ашық жарысқа Шал ақын, Жамбыл және Есіл ауданында да спортшылар келді, – дейді облыстық жекпе-жек федерациясының президенті Жалғас Тортулов.
Жарысты ең жас спортшылар бастады. Жалпы біріншілікте 16 салмақ дәрежесі бойынша үздіктер анықталды.