Солтүстік Қазақстан облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған 7 мектепке «Қазақстан халқына» қоры арқылы заманауи оқу және дамыту жабдықтары сатып алынбақ, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
СҚО білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібековтың айтуынша, биыл «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен Соколов, Ломоносов, Чкалов түзету мектеп-интернаттарына және есту қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатқа заманауи жабдықтар алынады. Оның ішінде ағаш ұстасы, слесарь, тігін шеберханаларын, психологтар мен логопедтер кабинеттерін, спорт залдарын жарақтандыру міндеті тұр. Жеке инвестициялар сомасы 77,7 млн. теңгені құрайтынын айта кеткен жөн.
– Күзде Шөптікөлдегі және №1, №2 түзету мектеп-интернаттарын материалдық-техникалық базасын нығайтуды жоспарлап отырмыз. Мұның бәрі ерекше балаларды бейімдеуге және әлеуметтендіруге бағытталған. Сондай-ақ, Петропавлдың 3 мектебінде — №5, 9, 42 орта мектептерде біз инклюзияны қолдау кабинеттерін ашамыз. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар туралы айтар болсақ, оларға жағдай жасау біздің басым бағыттарымыздың бірі. Бүгінгі таңда психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар мен түзету кабинеттерінде кезектілікті қысқарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол үшін облыстық психологиялық-медико-педагогикалық комиссия екі ауысымда жұмыс істей бастады. Жыл соңына дейін тағы бір аутизм орталығын ашуды жоспарлап отырмыз, — дейді Нәзір Жәшібеков.
Сондай-ақ биыл ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша білім беру үшін де жағдай жасалмақ.
– Қазірдің өзінде «фортепиано», «көркем өнер», «хореография» және «сәндік-қолданбалы шығармашылық» бағыттары бойынша «Жас Дарын» өнер мектебіне қабылдау жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта балалар мен жастарға арналған облыстық мәдени орталықта ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған үйірмелер ашылады, — дейді басқарма басшысы.