СҚО-да 300 мың шаршы метр болатын баспаналар тұрғызылады

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын дамыту сұрағы қаралды. Бұл жиынға онлайн режімде қатысқан Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров баяндама жасады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімінің мәліметінше, өткен жылы тұрғын үйді іске қосу жоспары 401 мың шаршы метрді құрап, оның 299 мыңы, яғни 75 пайызы орындалды. Үкімет отырысында өңір басшысы Айдарбек Сапаров баспаналарды қолданысқа уақытылы берілмеудің негізгі себептеріне тоқталды.

– Жоспардың толыққанды орындалмауының негізгі себебі – құрылыс материалдарының қымбаттауы. Салдарынан облыс орталығында тұрғын үйлерді пайдалану уақыты шегеріліп, кейбір жобаларды жүзеге асыру 2023 жылға ауыстыруға мәжбүр болдық. Бұл коммерциялық тұрғын үй құрылысының қарқынына да әсер тигізді. Өңірде ауылды жерде баспаналар салу жұмыстарына «Еңбек» бағдарламасының шарапаты тиді. Нәтижесінде аудандарда бұл бағдарлама есебінен жеке тұрғын үйлер тұрғызылды.
Тұрғын үйді іске қосу көрсеткішіне қол жеткізу үшін 2023 жылы қолда бар мүмкіндіктерді ескере отырып, іске асырылатын жобаларды қайта қарау жөніндегі жұмыс жүргізіледі, – деді СҚО әкімі Айдарбек Сапаров.

Облыс әкімінің сөзінше, биыл жаңа жоспар негізінде бюджеттік құрылыс – 77 мың шаршы метр, коммерциялық құрылыс – 93 мың шаршы метр, жеке тұрғын үй – 130 мың шаршы метр баспана қолданысқа беріледі. Сонымен қатар, Петропавл қаласының «Оңтүстік» және «Солнечный» шағын аудандарында жеке тұрғын үй құрылысы үшін – 3 мыңнан астам жер учаскесін қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жүргізіледі.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz