Облыс әкімі Айдарбек Сапаров Петропавлдағы «Қызылжар су», «Есіл су» жауапкершілігі шектеулі серіктестері, темір жол вокзалы, сапаржай мен әуежайға барып, олардың жұмысымен танысты. Бұл туралы өңір басшысы өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларында жазды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Айдарбек Сапаровтың сөзінше, жергілікті тұрғындарға әуе арқылы Алматы мен Астанаға ұшып баруға мүмкіндік беретін әуежайда түнгі рейстер жоқ. Бүгінгі таңда бұл кемшілікті жою үшін ұшу-қону жолағындағы жарықтандыру және сигнал беру жабдықтары жөнделді.
– Көктемде сертификаттық рейс жоспарланған, одан кейін жергілікті әуежай түнде де ұшақтарды қабылдай алады. Осының арқасында рейстердің саны өседі. Инвесторлар әуе айлағын дамытудың жоспарын дайындауда, – деп жазды Айдарбек Сапаров.
Облыс әкімі халықты сапалы ауыз сумен қамту мәселесін назарынан тыс қалдырмай, «Қызылжар су» ЖШС-ға барды. Белгілі болғандай, қазіргі уақытта кәсіпорынға тиесілі су желілерінің 58% тозған. Биыл бұл сұрақты шешу үшін «Қызылжар су» жөндеу жұмыстарына 139 млн. теңге қаражатты қарастырып қойған.
– Серіктестікпен қарастырылған сома жеткіліксіз деп есептеймін. Қаржыландыруды айтарлықтай ұлғайту қажет. Бұл өз кезегінде жөндеу жұмыстарының көлемін өсіруге және апаттар санын азайтуға мүмкіндік береді, – деді СҚО әкімі.
Ал «Есіл су» серіктестігі биыл 30 мың тұрғыны бар 30 ауылды қамтитын Преснов және Соколов топтық су құбырларын іске қосуды жоспарлап отыр. Қалада шоғырланған кәсіпорындарды аралаған облыс әкімі Айдарбек Сапаров бұл жұмыстарды бақылауда ұстайтынын жеткізді.
Фото: СҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.