Облысқа іс-сапармен келген Қазақстандағы Литва Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Гинтаутас Васюлис жергілікті бизнесмендермен кездесті. Жиында шетелдік мейман екі мемлекет арасындағы ауыл шаруашылығы мен өнім өңдеу салаларында ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы алаңында өткен кездесуге өңірдің 30 бизнесмені қатысты. Жиында сөз алған Литва Республикасының елшісі Гинтаутас Васюлистің айтуынша, әлемде Балтық жағалауындағы мемлекеттер Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына қызығушылық танытып отыр.
– Литва мен Қазақстанның экономикалық және сауда ынтымақтастығы өз жемісін беруде. Біздің мемлекеттеріміз арасындағы тауар айналымы көрші Латвия мен Эстониядан асты, – деді Латвия елшісі.
Баршаға мәлім, Солтүстік Қазақстан облысы еліміздің өзге өңірлерінен өзінің құнарлы топырағымен, шұрайлы табиғатымен және қоңыржай климатымен ерекшеленеді. Сондықтан болар, теріскей ауыл шаруашылығын дамытуға таптырмас жер екенін Гинтаутас Васюлис назар аударды. Ол Литва осы салада бар-білгенімен бөлісуге және металл және құрылыс материалдарымен алмасуға дайын деп сөзін түйіндеді.
– Қазақстанмен шикізат ресурстарын, әсіресе металл мен құрылыс материалдарын алмасып, сауда жүргізуге мүдделіміз. Бұрын бізге Ресей мен Қытайдан тауар келетін. Енді елдеріңізбен бұл бағытта жұмыс істеуге дайынбыз. Сіздің өнімдеріңізді Еуропалық Одаққа кіретін мемлекеттерге сата аламыз, – деді Гинтаутас Васюлис.