Солтүстік Қазақстан облысында 1250 адам былтыр құтырмаға қарсы екпе алды. Зардап шеккендердің 70 % ит қапса, 68 адамды егеуқұйрық-тышқан, 15 адамды жылқы-сиыр, түлкі-тиін тістеген екен, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтуынша, өңірде 1998 жылдан бері адамдар арасында құтырма ауруы тіркелмеген. Десек те, былтыр 1255 адам антирабиялық көмекті алған.
– Қаңғыбас иттердің көбеюіне байланысты өңірде ит қауып, медициналық көмек алуға жүгінгендер саны толастар емес. Шал ақын ауданында былтыр ит қапқандар саны 51 адам, осылайша 1,8 есе артқан, Есіл ауданында 61 тұрғын зардап шегіп, 1,7 есе артқан. Барлық жағдай бойынша эпизоотолого-эпидемиологиялық тергеу жүргізілді. Медициналық көмекке жүгінгендердің 1250-іне құтырмаға қарсы екпе қойылды, — дейді Арман Күшбасов.
Барлық зардап шеккендердің 70 % немесе 681 адамды ит қапқан немесе тырнаған. 281 адам мысықтан, 68 тұрғын тышқан мен егеуқұйрықтан жарақаттанған. Жеті адамді ірі қара мал, 3 адамды жылқы тістеген. Тұрғындарға жабайы жануарлар да шабуылдап, былтыр 3 адам түлкіден, 2 адам тиіннен зардап шекті.
Құтырма – инфекциялық аурулардың ішінде қауіптілігі бойынша алдыңғы орындарда тұр, өйткені оны жұқтырған адамға санаулы сағатта көмек көрсетілмесе, ол өліммен аяқталады. СҚО – құтырма ауруының табиғи ошағында орналасқан. Әсіресе, қыс-көктемде бұл дерттен қауіп зор, үй және ауыл шаруашылығы жануарлары жұқтырып, адамдарға таратуы мүмкін.
– Сондықтан барынша қауіпсіздік шараларын ұстану керек. Ит-мысық жабайы жануарлардан жұқтырмауы үшін оларды қамап ұстаған жөн. Құтырмаға қарсы екпе қойдыру да инфекцияның алдын алады, — дейді санитар дәрігер.
Маманның айтуынша, құтырма ауырған жануардың сілекейі арқылы адамға берілуі мүмкін. Вирус ағзаға түскен жағдайда орталық жүйке жүйесін зақымдайды. Адам дем ала алмай, жүрек қызметі нашарлайды. Салдарынан қатты қиналып қайтыс болады.
– Құтырма белгілері бірнеше күннен кейін де білінуі мүмкін. Бірақ бұл кезде кеш болады. Сондықтан жануардан жарақат алған жағдайда бірден дәрігерге көрінген жөн. Оған дейін тістеген жерді сабынды сумен 15-20 минут жуып, жарақаттың шетін 70% спиртпен немесе йодпен зарарсыздандыру керек. Ал емханада зардап шеккен адамға тегін құтырмаға қарсы препарат егіледі, — дейді Арман Күшбасов.