Өңірге жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов келді. Ол солтүстікқазақстандық кәсіпкерлермен кездесіп, жемқорлыққа қарсы саясаттың жаңашылдықтарын түсіндірді. Жиын барысында жеке кәсіп иелерінің құқықтарын қорғау және бизнес саласындағы парасаттылықты арттыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі mtrk.kz телеарнасына сілтеме жасап.
Саян Ахметжановтың айтуынша, агенттік былтырдан бастап әр өңірдің тәуекелдерін талқылауда. Автожол, тұрғын үймен қамтамасыз ету мен су мәселелері саласында жаңа «Бизнеске жол» жобасы іске асырылып жатыр.
– Қазіргі уақытта бизнестің бірінші қадамдарында қандай әкімшілік белгілер бар, қандай қиындықтары бар – соларды уәкілетті органдармен шешуге ат салысып жатырмыз. Бірінші бағыт – бизнестің адалдығын қамтамасыз етуге ықпал ететін тұжырымдамалық шаралар, екіншісі – кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласудан қорғау тетіктерін енгізу. Үшінші бағыт – өңір ерекшелігін ескере отырып кәсіпкерлердің қажеттіліктері бойынша жедел әрекет ету,- деді Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов.
Қазақстанда 2022 жылы мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде 5200 жаңа кәсіпорын ашылып, 17 мыңға жуық кәсіпкердің бизнесі кеңейтілген. Осы ретте заң аясында жұмыс істейтін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізуді қолдайтын компаниялар үшін түрлі мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылғанын айта кеткен жөн.
– Мемлекеттік сатып алу саласы бойынша – мемлекеттік ақшаны пайдаланудың бірыңғай тәсілдерін қамтамасыз ету мақсатында сатып алу нормаларын бір заңға біріктіру ұсынылды. Орташа сату бағасын анықтау мемлекеттік сатып алуды тиімді жоспарлауға негіз болады. Мемлекеттік кәсіпорындар үшін монополиялық жеңілдіктер мен ерекшеліктер тізбесі оңтайландыруға жатады, бұл бәсекелестіктің күшеюіне әкеледі,- деді Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы Сергей Перов.
Облыстық кәсіпкерлер палатасына өткен жылы кәсіпкерлерден жемқорлыққа тап болғандығы жайында 118 өтініш келіп түскен. Нәтижесінде шамамен 110 млн теңгенің құқығы қорғалған. Мамандардың айтуынша, өңірде жер қатынастары, салық, қаржыландыру, мемлекеттік сатып алу мен субсидиялауға қатысты мәселелер өзекті. Кәсіпкерлер сыбайлас жемқорлыққа кез болған жағдайда өңірлік кәсіпкерлер палатасы базасындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңеске немесе жергілікті жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне жүгіне алады. Ведомство өкілдері ашық диалогқа әрқашан дайынбыз дейді.