Ыстанбұлдағы қазақтар жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек жолдап жатыр. Бұл жөнінде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, Қазақстанның Бас консулдығы, еліміздің белсенді азаматтары, студенттер және жергілікті қазақ диаспорасы Түркияның алапат зілзала салдарынан зардап шеккен аймақтарына гуманитарлық көмек жолдау бойынша белсенді жұмыс істеуде.
— Осы уақытқа дейін сомасы шамамен 160 мың АҚШ доллары болатын көмек жиналып, жөнелтілді. Атап айтқанда, балалар тағамдары, балалар киімдері, жөргектер, азық-түлік, жылы киімдер, көрпелер және т.б. қажетті өнімдер жолдануда. Гуманитарлық көмек түрік билік органдарының келісімімен жасалуда,- делінген Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі жариялаған ақпаратта.
Бас консул Әлім Байел бүкіл Қазақстан жұмылып бауырлас Түркияға қолдау көрсетіп жатқан сәтте бұл көмекке өз үлесін қосып жатқан Ыстанбұлдағы қазақтарға алғыс айтты.