Облыс орталығының 18 және 28 жастағы екі тұрғынға қатысты шығарылған үкім күшіне енді. Жас азаматтар 5 эпизод бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қаскөйлер «BMW» автокөлігінен 12 мың теңге салынған әмиянды, банктік карталар мен көлікті тіркеу куәлігін қолды қылғаны белгілі. Бес ұрлық фактісінің төртеуі өткен жылы тамыздың 31-не қараған түні жасалды. Көлік ұрыларының алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды.
– Қыркүйек айының басында күдіктілер ұсталып, қамауға алынды. Екеуі де бұрын сотталғанын айта кеткен жөн. Кішісі бұған дейін кәмелетке жасына жетпей тұрып, қылмыстық әрекеттерге барған. Сот оған 3 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі, ал жанындағы сыйбайласына 4 жылға бос бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады. Автокөлік иелеріне салонда құнды заттар мен құжаттарды, ақшалай қаражаттарды қалдырмауға кеңес береміз. Автокөлікке мүмкіндігінше дабыл құрылғысын орнатқан жөн. Егер күзетілетін көлік тұрағы болмаса, темір тұлпарыңызды түнгі уақытта жарық түсіп тұратын жерлерге қойған дұрыс. Сондай-ақ көппәтерлі үйлердің аулаларында бейнебақылау камераларын орнатудың да тиімділігі бар. Олар автокөліктерде жасалған ұрлықтарды «ізін суытпай» ашуға көмектеседі. Әрі бұл жерге ұрылар да жақындамайды, дейді дейді қалалық ПБ тергеу бөлімінің бастығы Нұржан Омаров.